Әкімдердің есеп беру кездесулерінде тұрғындар көтерген барлық проблемалық мәселелер назардан тыс қалмайды - Қарағанды облысының басшысы

«Бүгін менің есебіммен бірге барлық деңгейдегі әкімдердің өздерінің аймақтарындағы тұрғындар алдындағы есептік кездесулері аяқталады. Осындай кездесулердің 645-і өткізілді. Есептік кездесулерде көтерілген барлық проблемалық мәселелер бойынша қалалар, аудандар, кенттер мен ауылдық аймақтар әкімдері жұмыс істеп, оларды іске асыратын болады», - деді Ә.Құсайынов.
Оның айтуынша, облыс тұрғындарын толғандыратын көптеген мәселелер қатарына ауызсумен қамтамасыз етілу, әлеуметтік сала нысандары мен жолдардың жөнделуі мен құрылысы, елді мекендердің абаттандырылуы мен санитарлық жағдайы, үй бөлу, ауылдарды газбен жабдықтау, телефондандыру және электрлендіру проблемалары бар.
Есептік кездесу кезінде облыстың барлық аймақтарымен бейнебайланыс ұйымдастырылды. «Бейнебайланыстың арқасында бұл залда жиналған адамдардан басқа біздің кездесуге облыстың барлық аудандары мен қалаларының тұрғындары қатысуда. Бұл 3600 адамнан астам тұрғындарды құрайды», - деп атап өтті облыс әкімі.
Өзінің тұрғындар алдындағы есебінде аймақ басшысы облыстың 2011 жыл бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Содан кейін әкім жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.