13:42, 04 Мамыр 2013 | GMT +5
Аккумулятор батареяларын шығарушылардың экспорттағы үлесі 65 пайызға артты - Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 мамыр. ҚазАқпарат - «ZHERSU POWER» компаниясы жаңғыртудан өткеннен кейін Алматы облысында аккумулятор батареяларын шығарушылардың экспорттағы үлесі 65 пайызға артты.

Компания директоры Ермек Онаевтың мәлім етуінше, кәсіпорын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған. Соның арқасында шығарылатын өнім барынша бәсекеге қабілетті болып, зауыт өндіріс көлемін 23 пайызға арттыруға, 30 жаңа жұмыс орын құруға және экспорт көлемін 65 пайызға көбейтуге қол жеткізді.
«ZHERSU POWER» компаниясы автомобильдерге арналған және стационарлық аккумуляторлар шығарады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 4 млн. дана аккумуляторды құрайды.
Таяу аралықта кәсіпорын еуропалық технологиялар бойынша аккумулятор шығаруды жоспарлап отыр. Бұл зауытқа өз өнімдерін Еуропа елдерінің нарығына шығаруға мүмкіндік береді.