10:44, 07 Сәуір 2010 | GMT +5
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары Мәскеу қалалық Думасына ұсыныс жасады
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімін Мәскеудің бір көшесіне беру және Батыр Мәліктің бюстін орнату жөнінде ұсыныс жасау жайын қарастырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халық қалаулыларының қолдауына ие болған бастаманы көтерген өңірлік «Арқа ажары» газетінің редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Жабал Ерғалиевтің айтуынша, еліміздің даңқты перзенті Мәскеуді неміс-фашистерінен қорғау кезінде тамаша ерліктің үлгісін көрсеткен. Өзгеге өнеге болар ержүректігі ескерусіз қалған жоқ. Омырауына Кеңес Одағы Батырының Алтын Жұлдызы қадалып, зор қошеметке бөленді. Оның батырлығы, елін сүйген азаматтығы кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Сондықтан да Батыр Мәлік есімі Ресей Федерациясының астанасында тарихи орнын алғаны абзал. Соған сәйкес халық қалаулылары кезекті сессияда арнайы шешім қабылдап, Мәскеу қалалық Думасына өз ұсыныстарын жолдады.