Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің Жер кодексіне қатысты кеңейтілген мәжілісі болып өтті (ФОТО)

Оған қоғамдық кеңес мүшелері, құзырлы органдардың мамандары, ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың, саяси партия филиалдарының, бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері - жалпы ауқымы 120-дай адам қатысты.
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысып, түйткілді мәселелерге түсінік беріп отырды.
Мәжілісті ашып, жүргізген Дулат Нұрмолдин осы күнге дейін комиссияның төрт отырысы өткізілгендігін, онда Жер кодексіне қатысты ұсыныстар мен пікірлер талқыланып, заңды халыққа түсіндіру жұмыстарына назар аударылғандығын атап өтті.
Осы ретте, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина жаңа заңнаманың нормаларын түсіндіре келе, осыған қатысты еліміздің кез келген азаматының пікірін білу маңызды екенін атап өтті.
«Жерге қатысты заңнаманы халық болып талқылап, көпшіліктің мүддесіне сай келетін жағын қарастыру қажет. Жер біздің ең басты байлығымыз. Осы жылдың аяғына дейін жерге қатысты заңды талқылауға, ұсыныстары мен ой-пікірлерін білдіруге әркімнің де мүмкіндігі бар», - деді А.Қадыралина.
Сонымен қатар, кеңейтілген мәжілісте жарыссөзге қатысқандар өзге де азаматтар жер туралы жаңа кодекске байланысты өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын, тілектерін бүкпесіз ортаға салды.