13:33, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Ақмола облысында 2009 жылдың алғашқы тоқсанында айлық жалақы 15,1 пайызға өсті
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық статистика басқармасының деректері бойынша өңірде ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында орташа айлық табыс өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға өсіп,
44 мың 14 теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Осы уақыттағы ең жоғары орташа айлық еңбекақы қаржы саласы қызметкерлерінде 73 мың 160 теңге болса, ең төменгі табыс ауыл шаруашылығында 23 мың 812 теңге деңгейінде қалыптасқан. Ал білім саласындағы айлық 37 мың 730 теңге, денсаулық жүйесінде 41 мың 943 теңге, бұл облыстық орта көрсеткіштен тиісінше 17 және 7,7 пайызға төмен. Жылдың алғашқы тоқсанындағы ер адамдардың орташа айлық табысы 49 мың 634 теңге болса, нәзік жандар айлығы 38 мың 392 теңгені құраған. Аймақтар бойынша алып қарағанда, ең жоғары айлық Көкшетау, Степногор қалаларына, Атбасар, Щучье, Ерейментау, Целиноград аудандарына (40-49 мың теңге) тиесілі болып отыр, ал ең төменгі жалақы Сандықтау, Астрахан, Егіндікөл, Бұланды аудандарында (32-33 мың теңге).