Ақмола облысында 4 мыңнан астам түлек үшін соңғы қоңырау соғылды (ФОТО)

Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты шараға қатысқан облыс басшысы Сергей Кулагин мектеп бітірушілерді құттықтап, ақ жол тіледі.
«Құрметті жас түлектер, білім алуға жетелеген жаңа өмірдің бастауымен шын жүректен құттықтаймын. Соңғы қоңырау мерекесі оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салуда. Еліміздің болашағы - Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, Отанымыздың қарыштап дамуына негіз болатын азамат болуларыңызға тілектеспін. Алда үлкен сын күтіп тұр. Барлықтарыңыз Ұлттық Бірыңғай тестілеуден абыроймен өтеді деп сенім білдіремін», деп облыс әкімі ақжарма тілегін арнады.
Биыл мектеп қабырғасынан ұшқан төрт мыңнан астам түлек үлкен өмірмен қауышу алдында тұр. Олардың арасында республикалық деңгейде өткен интеллектуалдық олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері де бар екенін аса мақтанышпен айтқан абзал. Солардың бірі Көкшетау қаласындағы № 17 орта мектептің түлегі Жандос Тасымов, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көп тілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының түлегі Алмас Жамаш пен №6 орта мектептің түлегі Юлия Черногорова білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарына деген шексіз алғысын үш тілде жеткізді. Бір топ мектеп бітірушілер мұғалімдер мен педагогикалық еңбек ардагерлерінің құшақтарын гүлге толтырып, әсем әуеннің ырғағымен мектеп бітірушілердің вальсі басталды. Бұл кештің шырайын кіргізіп, өзіндік өрнек салды.
Мерекелік кеште түлектер ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылықтың алдында өз өнерлерін паш етті.