18:36, 07 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Ақмола облысында балабақшаның жылу қазандығы жарылды
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Целиноград ауданы Талапкер ауылына қарасты 96 Разъездегі балабақшаның жылу қазандығы жарылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне аймақтық ТЖД кезекшілік бөліміне хабарласқанында белгілі болды.
«Оқыс оқиға бүгін түске дейін 11:45 минут шамасында орын алған. Алдын ала болжам бойынша жарылысқа қазандық ішінде жиналып қалған ауа себеп болған көрінеді. Жарылыстан зардап шеккендер жоқ. Қазандық балабақша ғимаратынан алыс орналасқандықтан тәрбиешілер мен бүлдіршіндерді эвакуациялау қажет болмады. Қазіргі кезде, оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр», деп түсіндірді ТЖД кезекшілік бөлімінен.