Ақмола облысында экономикалық қауіпсіздік мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтуде
Іс-шараны Жоғарғы Cот Қазақстанның Судьялар одағымен, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қорымен (IRZ), Америкалық заңгерлер қауымдастығының өкілдігімен (ABROLI) және Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму жөніндегі агенттігімен (USAID) бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Жоғарғы Соттың судьялары, Қазақстанның Судьялар одағы Орталық кеңесінің хатшысы Сансызбек Райымбаев, республикадағы облыстық және оған теңестірілген соттардың апелляциялық сот алқаларының төрағалары, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Қаржы министрліктерінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.
Шетелден бірқатар сарапшылар шақырылды. Атап айтқанда, олардың қатарында Дрезден қаласы прокуратурасының прокуроры Карин Шрайттер-Скворцов (Германия), Түмен мемлекеттік университетінің конституциялық және муниципалдық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының докторы Иван Тарасевич (Ресей) бар.
Форум жұмысын аша отырып, А.Рахметулин: «Экономикалық қылмыс және сонымен байланысты экономикалық қатынастардың қылмыстық сипат алуы бүгінде кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ең басты қауіптердің бірі болып табылады. Экономикалық қылмыстарға қарсы сенімді әрі тиімді жүйе ғана еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің кепілі бола алады. Сондықтан да Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды ұлттық басымдықтардың бірі болып табылады» - деді.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы қаржы-экономикалық дағдарыстың ғаламдануы жағдайындағы экономикалық қылмыстар тұрғысынан экономикалық қауіпсіздік проблемасының теориялық және тәжірибелік аспектілерін талқылау қажеттігін атап өтті.
Екі күндік конференция жұмысының шеңберінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар, соның ішінде лауазымдық қылмыстар мен кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметке қарсы қылмыстардың түрлері талқыланбақ.
Конференция жұмысының соңында ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру тетіктерін жетілдіруге, қылмыстық сот төрелігінің құқықтық базасының қарқынды жаңартылуы жағдайындағы адамдардың заңмен қорғалатын құқықтарын кеңейтуге бағытталған тиісті ұсынымдар қабылданатын болады.