Ақмола облысында қырманға екі миллион тонна астық жеткізілді
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Жәмбеталиннің айтуынша, биылғы егін орағы өте қиын жағдайда жүргізіліп келеді. Жаздың қуаңшылығы дәнді-дақылдың тез пісіп-жетілуіне әкеліп соқса, күздің алғашқы күндері ауа райының күрт өзгергені. Бүгінгі таңда 4 283,8 мың гектар егіс алқабының 76,1 пайызының дақылы орылып, 75,2 пайызының өнімі жинап алынып отыр. Орта есеппен әр гектардан 6,1 центнер мөлшерінде өнім алынуда. Күзгі жиын-терін жұмыстарында барлық алқаптың 81 пайызының астығын қырманға жеткізген Астрахан ауданының егіншілері алда келеді. Бұл істе Бурабай, Егіндікөл, Еңбекшілдер, Жақсы аудандарының диқандары қарқын танытуда. Келер жыл егісіне қажетті 535 мың тонна тұқым қорының 341,6 мың тоннасы қоймаға құйылып, тапсырыстың 63,5 пайызы орындалған. Сондай-ақ сүдігер дайындау жұмыстары қатарластырыла шешімін тауып келеді.