Ақмола облысында сот білім сапасы төмен мектепті лицензиясынан айырды

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
Еңбекшілдер аудандық соты ҚР заңнамасын бұзғаны үшін «Заурал орта мектебі» ММ-не қатысты ҚР ӘҚбК 311-1 бабының 7-бөлімі бойынша қозғалған әкімшілік істі қарады. Сотқа белгілі болғандай, Ақмола облысының білім саласын бақылау департаментінің бұйрығы негізінде Заурал орта мектебіне осыған дейін анықталған бұзушылықтарды жою бойынша мемлекеттік бақылау жұмыстары жүргізілген.
Тексеріс барысында білім беруде негізгі пәндер бойынша оқушылардың тестілеу көрсеткіштері төмен болғанын анықтады. Мәселен, 4-сынып оқушыларының орыс тілі және математика, 9-сынып оқушыларының орыс әдебиеті, алгебра, география, 11-сынып оқушыларының қазақ тілі, Қазақстан тарихы, физика және биология пәндері бойынша білімдері нашар, білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сай емес екенін көрсетті.
Аталған бұзушылықтар білім ордасының әкімшілік жаза тартылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанып отыр.
Сол себепті Еңбекшілдер аудандық сотының қаулысымен «Заурал орта мектебі» ММ ҚР ӘҚбК 311-1 бабының 7-бөлімі бойынша әкімшілік құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылды және 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, лицензиясынан айырылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.