Ақмола облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 38 млрд. теңгеге жетті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жыл басталғалы бері ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 38 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары болды. Соның нәтижесінде жеке индекс көлемі 107,5 пайызды құрады.
None
None

Бұл туралы өңір басшысы Сергей Кулагиннің қатысуымен өткен әкімдік отырысында айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Отырыста баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуынша, бұл көрсеткішке өңірде ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру және мал басы мен құс саны артуының арқасында қол жеткізіліп отыр. Сондай-ақ Еңбекшілдер ауданындағы «Қазгер құс» ЖШС-де жаңа құс фабрикасының салынуы, Ақкөл ауданында «Үш бұлақ» ЖШС-нің пайдалануға берілуі де оң әсер етті. Айталық, өңірде жұмыртқа өндірісінің көлемінің артуының арқасында Ақмола облысы өз қажеттілігімен қатар, елордамызды да осы өнім түрімен қамтамасыз етуде. Тіпті, экспортқа да шығуда. Жалпы, жыл соңына дейін барлығы 200 миллион дана жұмыртқа экспортталады деп жоспарланған. Бұл осы өңірден шетел нарығында шығып отырған астық, ұн, ет және картоп тәрізді ауыл шаруашылығы өнімінің бесінші түрі. Облыста 2015-2018 жылдарға арналған Астана қаласы айналысындағы азық-түлік белдеуін дамыту жөнінде кешендік бағдарлама қабылданған. Осы жоба аясында «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру көзделген. Сонымен қатар биылғы жылы «Ырыс» бағдарламасы арқылы 14 сүтті-тауарлы фирманың құрылысын қолға алу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар