Ақмола облысындағы пандустарда мүгедектер арбасымен көтерілу мүмкін емес

Кемтар адам. Олардың қалай күн кешіп жатқандығы, қандай азап пен тауқымет тартып жүргендігі, жан жүректерін кемірген күйікті ойлары мен тауқыметті тірлігі туралы қол-аяқтары балғадай, дендері сау пенделер ойлап, бас ауырта қоймайтыны рас. Түрлі себептермен кемтарлыққа душар болған жандардың өздерін жағаға шығып қалған қайықтай ешкімге қажетсіз, масыл сезініп қорланатындығы, қоғамның толыққанды мүшесі бола алмай төрт қабырғаны күзетіп, оқшау қалатындығы шындық. Басқа түскен мұндай қиындыққа екінің бірі төзім таныта алмайды. Оған үлкен күш-жігер, болашаққа деген сенім мен өмірге деген құштарлық қажет.
Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту, оларға қолдау көрсету еліміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Тағдыр тәлкегімен мүгедек атанса да мойымай, өмірден өз орындарын тауып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға ұмтылатын рухы мықты жандар да аз емес. Дегенмен де, олардың мемлекет тарапынан ғана емес, мүмкіндігі бар жұртшылық тарапынан көмекке мұқтаж болатын жағдайлары жиі кездесіп жатады. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру бағыттында «Кедергісіз келешек» жобасын қолға алған. Аталған жоба төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісі жоқ жағдай жасау, қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту, мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру болып табылады. Осының арқасында 2015 жылы облыс орталығындағы 44 әлеуметтік нысанға 64 пандус орнатылған болатын.
Әйтсе де, қазіргідей нарық билеген ауыр заманда ешкімге алақан жаймай, еңбек етіп, ел қатарлы тірлік кешіп жатқан мүгедектерге заң жүзінде қарастырылған міндеттемелерін орындамайтындар да арамызда кездесіп жататыны өкінішті.
Заң бойынша халық көп жүретін дүкендер, сауда үйлері, қызмет көрсету орындарының ғимараттарында арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандус (көлбеу баспалдақ) болуы тиіс. Дегенмен, бұл заң талабын көп кәсіпкерлер мен мекеме, кәсіпорын басшылары ескере бермейді. Қаланың орталық көшелерімен бір жүріп өтсеңіз, бұған көзіңізді айқын жеткізуіңізге болады. Көкшетаудың орталығындағы Куйбышев көшесінің бойындағы 50-ші үйдің бірінші қабатында орналасқан «Курьер компаниясы» деген мекеменің пандусына қарап, көз алдаудың керемет үлгісі осы ма дейсің. Сәл ғана көлбеу тайғақ темірмен қапталған пандуспен арбаға таңылған мүгедек түгілі, қол-аяғы балғадай жас адам да шыға алмайтыны анық. Осы көшенің бойындағы «Здоровье» деп аталатын дәріхананың пандусы «соқырға қарағанда қылилау» десек те, онымен де мүгедектер арбасымен көтерілу мүмкін емес.
Көз алдау үшін осындай «пандустар» орнатқан дүкендер мен қызмет көрсету орындары жетерлік. Тіпті кейбір, мекемелерде осының өзі мүлдем жоқ. Мәселен, халық ең көп баратын «Алтын ғасыр» (бұрынғы ЦУМ) және оның жанындағы Satti сауда үйлерінде пандус деген атымен қарастырылмаған. Яғни, бұл сауда үйлерінің қожайындары мүгедектерді мүлдем естерінен шығарған сияқты.
«Жалпы, бүгінде мүгедектерді баспанамен қамтамасыз ету, оларға берілетін жәрдемақы көлемін көтеру, жұмысқа орналастыру, басқа да түрлі жеңілдіктер қарастыру, осылардың бәрі шешімін күткен өзекті мәселе болып отырғаны шындық. Бір сөзбен айтқанда, тағдыр талқысымен кемтарлыққа ұшыраған жандарға материалдық, психологиялық, моральдық жағынан қолдау көрсету, сол арқылы олардың өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау бүгінгі күні мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс көкейкесті мәселе болып отырған жайы бар. Оны қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы түріндегі азын-аулақ сый-сыяпат жасап, тегін дастархан ұйымдастырумен шешіп тастауға болмайды. Мүгедектерді қолдауға арналған ұзақ жылдық кешенді бағдарламалар мен мақсатты жұмыс жасайтын қаржы көзімен бекітілген нақты жобалар арқылы ғана жүзеге асыруға болатынын заманның өзі көрсетіп отыр», дейді«Ақмола облыстық мүгедектер ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанат Ескенов.
Р.S: Соңғы кездері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздегі мүгедектер белгілі мөлшерде жәрдемақы алып,еңбекпен қамтылуға, тұрғын үй алуға, дәрі-дәрмекпен, емдеу-сауықтыру орындарында денсаулықтарын түзеумен, басқа да сондай қажеттіліктермен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алып отыр. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлініп, кемтар жандарды қолдауға жұмсалып жатыр. Дегенмен де, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан бұл қаржы мен жасалып жатқан қолдау, көмектер мүгедек жандардың барлық мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп отыр деуге болмайды. Мүгедектерге қатысты шешімін күткен өзекті мәселелер әлі де жетерлік.