Ақмола облысының 9 ауданының тұрғындары жергілікті телеарна хабарларын тікелей көретін болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық телеарна директоры Жалғасбек Маратұлының айтуынша, бұл жағдай облыстық бюджеттен 100 миллион теңге төңірегінде қаржы бөлудің нәтижесінде жүзеге асырылып отырған көрінеді. Ол қаржыға тиісті тарату құрылғылар сатып алынып, орнатылды. Осы арқылы күнделікті жаңалықтар мен басқа да хабарлар уақытында, жоғары сапада таратылатын болды. Жыл басында осындай мүмкіндік Степногор қаласы мен Атбасар, Щучье аудандарында жасалған болатын. Жаңа технологиялық жетістік арқылы хабарлар көшіріліп жазылған таспаларды таратушыға жеткізу шығыны қысқартылды. Алдағы жылы тағы үш тарату қондырғысы жарақталып, облыстың барлық аймағының тұрғындары туған өлкесінің жаңалықтарынан күнделікті хабардар етілмек. Бүгінде облыстық телеарна ұжымы 20-дан астам арнайы бағдарламалар жасап, көрермен назарына ұсынып келеді.