13:38, 27 Сәуір 2013 | GMT +5
Ақмола облысының әкімі полицейлерге 20 көліктің кілттерін тапсырды
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Көкшетауда полицияның 20 учаскелік инспекторы өңір басшысының қолынан «Нива» көлігінің кілттерін алды.

Бұл көліктер Көкшетау қалалық ІІД, Аршалы және Целиноград аудандық ішкі істер бөлімдеріндегі қызметтік жұмыстарға бағытталады. Сонымен қатар Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің автопаркі «Нива» көлігімен бірге жаңа автобуспен және жылжымалы криминалистік зертханамен толықты.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы 9 автомашинаны полицейлерге жеке кәсіпкерлер сыйға тартты. Олар Жақсы және Бурабай аудандарына тапсырылды.
Салтанатты шара барысында Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов тәртіп сақшыларының жұмыстарына сәттілік тілеп, олардың қызметіне өңірдің тыныштығы мен гүлденуі тікелей байланысты екенін атап өтті.