Ақмола облысының экономикасына жыл ішінде 119 миллиард теңге инвестиция тартылды

бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,6 пайызға төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сілтеме жасап.
Жыл ішіндегі игерілген қаржының 45 пайызы республикалық бюджеттен бөлінген болса, 28 пайызы кәсіпорындар, ұйымдар мен жекелей құрылыс жүргізушілер үлесіне тиесілі, 25 пайызы несие, ал 2,1 пайызы жергілікті бюджеттен ескерілген. Биылғы жылы шет елдік инвестиция деңгейі 0,4 пайызды құрап отыр. Осы уақыт аралығында тартылған қаржының өсімі 12 ауданда тіркеліп отыр. Бұл ретте ол Зеренді ауданында 10,3 есеге, Егіндікөлде 3,1 есеге, Аршалыда 51 пайызға, Бурабай ауданында 50 пайызға, Степногор қаласында 6 пайызға тең. Технологиялық құрылым бойынша қаржының 75 пайызы құрылыс жұмыстарына, 24 пайызы жабдықтар мен озық технологиялық жүйелермен қамту ісіне, 1,8 пайызы басқа да күрделі жөндеу жұмыстарына тартылған. Жыл ішінде Зеренді ауданында 140 орындық бала бақша салынса, Аршалы, Егіндікөл, Бурабай аудандарында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға инженерлік инфрақұрылым салынды.