Ақмоладан басталған жол Мәскеу мен Астанаға дейін жеткізді - Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан И.Гапич

РАЛ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мәскеудегі 1945 жылғы маусымның 24-індегі Жеңіс шеруіне қатысқан Иван Гапич Орал қаласында тұрады. Арада алпыс бес жыл өткенде майдангер мамырдың 9-ында Мәскеудегі мерекелік шаралардың нақ ортасынан табылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

- Біз гитлерлік Германияның елімізге тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөніндегі хабарды поезда Қарағандыдан Алматыға спорттық гимнастикадан жарысқа бара жатқанда естідік, - деп еске алады ардагер - Алматыға барсақ, жұрт жаппай майданға алынып жатыр. Жарыс жайына қалып, біз әупірімдеп кейін оралдық. Ақмолада туып-өсіп, Қарағандыдан қанаттанған мен де әскерге алынып жатқан жора-жолдастарымнан бөлініп қалуды жөн көрмедім. Сөйтіп төлқұжаттағы туған жылым 1924-ті 1923-ке түзеп, өз еркіммен соғысқа аттандым. Әуелі Ташкенттегі әскери байланыс мектебінде білім алып, 1941 жылдың қараша айында Мәскеуде жинақталып жатқан 551-байланыс батальонына жіберілдім. Бір апта өтер-өтпесте Батыс майданы штабының әскери бөлімдермен байланысын қамтамасыз етіп тұрған 375-дербес радиодивизонында қызмет етуге тура келді. Сол Мәскеу түбінде фашистік армияның жеңілмейтіні туралы аңыздың күлі көкке ұшқаны белгілі.

Смоленск облысы аумағында жарты жыл жау тылында қызмет етуім мен үшін үлкен сынақ болды. Онда отряд командирі, майор Александр Гарусовтың өтініші бойынша сондағы радист қаза болғаннан кейін ұшақпен жеткізілдім. Жау тылында қауіп-қатерге толы күндер өтіп жатты. Дұшпанның әскери күшін күйретіп, қару-жарағын, қойма-көпірін талқандаған талай ұрысқа тікелей қатыстым. Сондағы алғашқы марапатым - «Ерлігі үшін» медалім мен үшін ерекше ыстық.

Смоленск, Орша, Минск, Вильнюс, Каунас, Гумбинен, әсіресе, Шығыс Пруссияның қалқаны іспеттес Кенинсберг үшін болған кескілескен айқастар ешқашан ұмытылмайды. Мәселен, теміржол қатынасына тым қолайлы Орша қаласын азат ету оңайға түспеді. Осында жау оғынан ес-түсімнен айрылып, сәтіне қарай жарақат ауыр болмай, бес күнде қатарға қайта қосылдым. Ерекше көзге түскен бөлімдер Орша атағына ие болды. Біздің бөлім 375-дербес Қызыл Ту орденді Орша радиодивизионы атағына ие болды. Кеңес әскерлері жау мықтап бекініп алған Кенинсберг қаласын да бұйым көрген жоқ.

Жеңіс хабарынан кейін іле-шала Мәскеудегі шеруге қатысатын І Прибалтика майданының бірінші құрама полкында жаттықтық. Мәскеу түбіндегі Хлебниковта дайындығымызды пысықтағаннан кейін одақ астанасындағы орталық әскери әуежайында соңғы сынақты маршал Георгий Жуковтың өзі қабылдап, ескертпелерін айтты.

Мамырдың 24-і таңертең күн қабағы қатулау болып, жаңбыр сіркіреп тұрды. Бірақ көңіл-күй аса көтеріңкі еді. Кремль куранттары сағат тура онды соққан кезде Мавзолей мінбесіне бас қолбасшы Иосиф Сталин бастаған мемлекет басшылары көтерілді. Ақбоз арғымақ мінген Г.К.Жуков шеруді маршал К.К.Рокоссовскийден қабылдап алып, сап түзеген сарбаздармен амандасты. «Ура!» деген дауыс бүкіл әлемді жаңғыртқандай, сәлден кейін-ақ Қызыл тулармен көмкерілген салтанатты шеру басталды. Гитлерлік әскердің жалаулары аяқ астына тасталып, масқара етілді. Осы кезде күллі кеңес халқын мақтаныш сезімі кернеп тұрған еді. Сапта бірге болған қаруластарынан Вячеслав Михаилов пен Иван Скворцов дүние салса, Сергей Родионов Подольск қаласында тұрады.

Жеңіс шеруінен кейін қайта Германияға оралып, әскери қызметін Польшада жалғастырған Иван Гапич елге 1947 жылы оралды. Алматыда заңгерлік мамандық алған ол өмір бойы прокуратура органдарында еңбек етті. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарында прокурорлық қызмет атқарып, абырой биігінен көріне білді. Жиырма бір жылдай уақыт бойы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болған Иван Степанович осы Оралда тұрақтап қалды. Ол - КСРО және Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері.

«Бұдан бес жыл бұрын, Жеңістің 60 жылдығына орай Астана қаласында болдым. Жай өзім барып тамашалап, таң қалдым. Қала керемет өзгерген, алдағы он-он бес жылда бұдан да ғажап болатынына сенемін. Бұл - әрине, ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі. Елбасымызды өз ойын жүзеге асыра білген бас сәулетші десе де болады. Енді, міне, Жеңістің 65 жылдығына орай, қазақстандық отыз екі ардагердің қатарында Мәскеуге аттанғалы тұрмын. Мұның бәрі біздің елдігіміздің беріктігін, өткеніміздің дәстүрге бай, бүгініміздің жарқын, ертеңіміздің кемел екендігін дәлелдей түседі», деп қорытты ойын Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталған И.Гапич.

Соңғы жаңалықтар