Ақмолалық диқандар бүгінгі күнге дейін 2 миллион 73 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдарын сіңірді

Еске сала кетейік, биыл облыс бойынша 4,6 миллион гектар алқапқа дән себілмек. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 миллион гектар алқапқа егіледі. Негізгі азық-түліктік дақыл - жаздық бидай 3,7 миллион гектар жерге себіледі. Бұл өткен жылғы деңгейден 94,5 мың гектарға артық. Майлы дақылдар алқабы 206,7 мың гектарды құрайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі кезде 2 миллион 73 мың гектарға немесе барлық егістік алқаптардың 49,2 пайызына дән сіңірілген. Науқандық жұмысты алғашқы күннен егістік алқаптары ауқымды Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандары қарқынды жүргізуде. Бұл аудандар көктемгі егіс жұмыстарын 47,4 және 47 пайызға атқарған. Оған қоса картоп және көкөніс отырғызылып, жем-шөп дақылы да егіліп жатыр.
Науқанға 1 мыңнан астам өнімділігі жоғары тұқым себу кешені мен 17 мың агрегат жұмылдырылып отыр.