15:22, 01 Сәуір 2010 | GMT +5
Ақмолалық ішкі істер қызметкерлері Қызылағаш ауылының тұрғындарына көмек қолын ұсынды
КӨКШЕАУ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері табиғат апатынан зардап шеккен Алматы облысы аумағындағы Қызылағаш ауылының тұрғындарына көмек қолын ұсынып, екі миллион теңге мөлшерінде қаржы аударды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттен алынған деректерге сәйкес, қайырымдылық акциясына барлық аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдері, басқа да құрылымдар қызметкерлері ұйымшылдықпен үн қосып отыр. Тәртіп сақшылары табиғат апатына душар болғандардың тауқыметін жеңілдіту мақсатында бір күндік еңбекақыларын арнайы есепшотқа аударған. Сонымен бірге нұротандықтар үндеуіне жауап ретінде жылы киім, тұрмыстық керек-жарақтар тапсыруға атсалысуда. Бұл ретте Степногор қалалық, Зеренді, Бурабай, Бұланды, Целиноград аудандық ішкі істер бөлімдері, облыстық жол полициясы басқармасы жақсы істің қолдаушылары болып отыр.