Ақмолалық полицейлер Халықаралық мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесті (ФОТО)
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Мұндай алдын алу іс-шараның басты мақсаты - мүмкіндіктері шектеулі мұқтаж жандарға қоғамда қолайлы жағдай жасап, жол-қозғалысы қатысушылары тарапынан оларға деген әдептілікті арттырып, жолда тең мүмкіндіктер жасау болып табылады», дейді полицейлер.
Аталған акция аясында Ақмола облысы ІІД Әкімшілік полициясының инспекторы, полиция майоры Бақтияр Шоқпаров Ақмола облысының білім беру басқармасы және Көкшетау қалалық № 21 орта мектебінің жас жол қозғалысының инспекторларымен бірге облыс орталығындағы психоневрологиялық патологиялары мен қимыл - тірек қимыл апаратының ауытқулары бар балаларға арналған әлеуметтік-медициналық мекемеде болды.
Жас жол инспекторлары жол қозғалысының қауіпсіздігі тақырыбына арналған «Жарқыра» ұранымен арнайы сахналық көрініс әзірлеп, балаларға тарту етті. Көрініс барысында жас инспекторлар жарық қайтаратын элементтерді пайдаланудың маңыздылығын түсіндіріп, жолда өздерін қалай дұрыс ұстау жайлы балалардың естеріне салды.
Балалармен кездесудің ең қызықты бөлігі өздерінің сүйікті кейіпкерлері үлкен Кунг-Фу панданың қонаққа келуі болды. Мультфильм кейіпкері көрермендердің алдында би билеп, асыр салды. Барлық кішкентай көрермендер үлкен әсер алып, қуыршаққа зор қошемет көрсетті. Қойылым соңында полиция қызметкерлері балаларға жол-жүру қозғалысының қауіпсіздігін еске салатын арнайы көрнекі құралдар таратты.
Әкімшілік полиция қызметкерлері, барлық жол-қозғалысының қатысушыларына, заңды бұзбай жол жүру ережелерін сақтауға, күнделікті қаламыздың көшелерінде жүріп, тіпті кейде жүргізушілер тарапынан ауыр сөз естіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға бір сәт назар аударуға шақырды.