Ақмолалықтар үшін «Kazakhstan|ТЖД» мобильдік қосымшасы іске қосылды

Жоба «IT-Expert.Asia» ЖШС-мен бірлесіп әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қосымшаны әзірлеп, қолданысқа енгізудегі басты мақсат төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды тұрғындарға жедел жеткізу болып табылады.
«Мобильді қосымша Ақмола облысының тұрғындарына төтенше жағдайлар туралы түрлі ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік беретін болады. Қолданушылар дауылды ескертулер, республикалық және облыстық бағыттағы жолдардың жабылуы және мектепте сабақтың болмайтындығы туралы жедел мәліметтерді ала алады», - деп атап өтті ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Мобильдік қосымша жолдың жабылғаны, су тасқыны тәрізді төтенше жағдайлар мен қауіпті аумақтар белгіленген интеракивті картамен қамтамасыз етілген.
Оған қоса, қосымшадағы GPS координатасы арқылы адамның тұрған жері, жақын маңдағы құтқару бөлімшелері мен жылыну және тамақтану пунктілерін дәл анықтауға болады.
Мобильдік қосымшаны андройд жедел жүйесі бар планшет және смартфон қолданушылары PlayMarket арқылы жүктеп алуына болады.
Р.Иманқұловтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта мобильдік қосымшаны республика бойынша қолданысқа енгізу көзделген.
«Қазір бұл бағдарлама тұрғындар үшін өте қажет. Қосымша арқылы ауа райындағы өзгерістер туралы жедел ақпарат алып қана қойма, төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл ережелерін де білуге болады», - деп атап өтті ТЖК өкілі.