Ақсай қаласында мал базары ашылды

АЛ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақсай қаласындағы «Ақсай астық өнімдері комбинаты» АҚ аумағында мал базары ашылды.
None
None

Халық үшін маңызы зор игілікті істі қолына алған кәсіпкер Болат Бердалыұлының ойлаған мақсатын жүзеге асыру үшін осы жер телімін алғанына жыл жарымдай уақыт болыпты. Аумағы жарты гектарды құрайтын алаңда мал ұстайтын орындар жасалған.

Кәсіпкердің айтуынша, мұнда төрт түліктің барлығын (шошқадан басқасын), қоян, тауыққа дейін тірілей сатып алуға мүмкіндік бар. Тұрғындардың да сататын малын осында әкеліп қоюына болады. Оның үстіне таңдап, сатып алған малын белгіленген ақыға сәйкес сойып беретін қызмет түрі де ұсынылады. Мысалы, арнайы жабдықталған орында екі қасапшы екі мың теңгеге қойды сойып, ішек-қарнын аршып, басын үйтіп берсе, ірі қараға қатысты мұндай қызмет түрі үшін төленетін ақы төрт мың теңгенің көлемінде болмақ. Оның үстіне базар иесі сатып алған малды тірілей немесе сойылған күйінде айтқан жерге жеткізіп береді.

Малды көлікке тиеп, түсіруге ыңғайлы арнайы орын да жабдықталған. Бұдан басқа мал базарының жанында етті сараптамадан өткізетін зертхана жұмыс істейді.

ҚР-ның 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 5-бабының 6-шы тармақшасына сәйкес ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 4 қарашасындағы №1754 қаулысымен мал союды ұйымдастыру ережесі бекітілгені белгілі. Ақсай қаласындағы мал базары мен ондағы сою алаңы осы ереженің орындалуын қамтамасыз ететін болады. «Алдын ала сатып алынған малды қоятын орны жоқ адамдардың қажет уақытына дейін осы жерде ұстауына болады. Ол үшін малды күтіп-бағатын адамдарымыз да, жемшөбі де дайын. Мұнда 10-12 адам жұмысқа тартылған. Болашақта 150 бас малға есептелген бордақылау алаңын ашу ойымызда бар. Сондай-ақ, Ақсай коммуналдық базарына төрт сатушы қойып, келісін 900-950 теңгеден ет сатуды ұйымдастырмақшымыз. Сөйтіп, Ақсайдағы ет бағасын реттеуге өзіндік үлесімізді қосамыз деген ойдамыз», - дейді Б.Бердалыұлы.

Соңғы жаңалықтар