Ақселеу қазақы болмыстың, қазақы құндылықтың, ұлттық құндылықтың не екендігін бойына дарытқан, терең білімді азамат еді - Қ. Салғараұлы

СТАНА Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ақселеу қазақы болмыстың, қазақы құндылықтың, ұлттық құндылықтың не екендігін бойына дарытқан, терең білімді азамат еді.
None
None

Бұл пікірді бүгін ҚР Ұлттық мұрағатының көрме залында белгілі ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің құжаттық жеке қорының ашылу рәсімінде ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы білдірді.

«Ырзық несібесі таусылып, өмірден озған кез келген пенденің тірлікте кім болғанын, не істеп, не тындырғанының айғағы болатын, оның өмірінен деректер беретін құжаттар және көзкөрген замандастарының естеліктері өзінен қалған мұрасы болуы тиіс. Ақселеуден баға жетпес мол мұра қалды», деп атап өткен Қ.Салғараұлы сол мұраның шып-шырғасын шығармай, бір жерде жинастырып, мазмұн, мәніне қарай іріктеп, жүйелеп, сөйтіп, келешек ақселеутанушылар арқылы халық игілігіне асыруға мүмкіндік туғызған, Ақселеудің жеке қорының ашылу рәсімін жасап отырған мұрағаттың ұжымына, оның жетекшісіне шын жүректен алғысын білдірді.

«Ақселеу қалай өмір сүруден бұрын не үшін өмір сүру керек дегенді ерте түсінген азамат болатын. Содан да болар бүкіл мағыналы өмірін өзінің айқын, белгіленген мақсатымен жүзеге асыруға, қазағына жан тәнімен қызмет етуге арнады. Ақселеу - бүкіл болмысымен қазақшыл. Ақселеу менің түсінігімде кешегіні бүгінге жалғаған, кешегінің көзі, бүгінгінің өзі. Ақселеудің басты екі қасиеті - шын мәніндегі қазақ ұғымдағы білікті азаматтығы. Білік деген ананың сүтімен, атаның тәрбиесімен, өскен ортаның өнегесімен бойға даритын ілім. Осы ілім арқылы Ақселеу қазақы болмыстың, қазақы құндылықтың, ұлттық құндылықтың не екендігін бойына дарытқан. Ақселеу терең білімді азамат еді. Сол атадан жұққан білікті, халықтан алған білімі арқылы бекемдеген ол бүкіл қазақтың Ақселеуіне айналды», деді ғалым өз сөзінде.

Сондай-ақ ақын Фариза Оңғарсынова Ақселеу қазақ халқы үшін ерекше орны бар тарихи тұлға болғандығын тілге тиек етті.

Көрмедегі құжаттар қор иесінің шығармашылық бағыттарына байланысты «Арман қанатында», «Арманын біліммен бекемдеген», «Қарымды қаламгер», «Ғалым-этнограф», «Білігіне білімі жарасқан», «Өресі биік өнер иесі», «Хаттар сыр шертеді», «Тұғыры биік тұлға» бөлімдерден тұрады. Сондай-ақ қаламгердің баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының, кітаптарының, повесть, очерк, әңгімелерінің қолжазбалары және еңбектерінің өз қолымен түзетілген машинкалық нұсқалары, фотоқұжаттары, электрондық жеткізгіштегі құжаттар, құрмет грамоталары, алғысхаттар, әртүрлі ғылыми атақтарын, қызмет лауазымдарын растайтын куәліктерінің түпнұсқалары қойылған.

Сонымен қатар көрмеде «Құрмет» ордені, «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілері де қойылған.

Құжаттық жеке қорда 1961-2009 жылдар аралығында жазылған 700 жуық хаттар жинақталған. Соның ішінде көрмеде Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Л. Гумилев, Ғ. Мүсірепов, А. Тоқмағамбетов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, О. Бөкей, Ж.Әбдіхалық, И.Тасмағамбетов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, ақын-жазушылардан, әріптестерінен келген 20-ға жуық хаттар орын алған.

Соңғы жаңалықтар