АҚШ еліміздің теңізде жүзу сенімділігін арттыруға және энергетикалық қауіпсіздігіне гранттар бөлді
Бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Памела Спратлен «КЕГОК» компаниясы мен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» кәсіпорындары басшыларымен үш гранттық келісімдерге қол қойды.
Бірінші гранттық келісімге сәйкес «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» кәсіпорынына 388 959 доллар бөлінетіндігін атап өткен П. Спратлен «өйткені Каспий теңізі Қазақстан үшін стратегиялық әрі мейлінше қарқынды дамып келе жатқан сауда жолы болып табылады. Сондықтан кемелердің өзара қақтығысының алдын алу мүмкіндігін төмендету маңызды», деді.
Оның атап өтуінше, бөлінген қаржы кемелер қозғалысын басқару жүйесіне және теңізде жүзу қауіпсіздігін үйлестіру орталығының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға жұмсалмақ.
Ал тағы екі грант «КЕГОК» компаниясына беріліп отыр. Біріншісі «Орталық Азияның кіші энергетикалық шеңбері» жобасының бір бөлігі болып табылатын, қуатты 500кВт-тық «Кемин-Алматы» электр тарату жаңа екі желісінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге жаратылады. Жалпы сомасы 392 мың долларды құрайтын келесі грант аталған компанияның еліміздегі электр тарату желілерінің жағдайына диагностика жасауға, мониторинг жүйесіне техникалық, экономикалық әрі қаржылық көмек көрсетуге бөлінген.
Айта кетейік, қазіргі уақытта АҚШ-тың Сауда және даму жөніндегі агенттігі елімізде жалпы сомасы 3,1 миллион АҚШ долларын құрайтын 6 жобаны қаржыландырып отыр