АҚШ Елшісі Д. Ордвей волонтерлік жобалар байқауының жас жеңімпаздарына гранттар бөлді

«Қазақстан жастарын қоғамдық қызметке тарту» атты байқауды Қазақстандағы АҚШ елшілігі, «Назарбаев Интеллектуалдық мектептері» акционерлік қоғамы және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген болатын. Еріктілік жобалар бойынша үздік жұмыстар елдің барлық өңірлерінен келді.
«Біз Қазақстанның әр аймақтарынан ондаған жобаларды қабылдадық. Бүгін мен шабытқа толы, қоғам өмірінің әр салаларына арналған 10 жобаның авторларына сыйлықтар табыс етуге асықпын. Олар АҚШ елшілігі дайындаған арнайы сыйлықтарға ие болады және 500 АҚШ доллары шамасында грант алады. Бұл қаражат еріктілердің өз қалаларында қоғамдық жобаларын іске асыру үшін беріледі», - деді Елші мырза.
Елшінің айтуынша, АҚШ-тың білім беру ұйымдарында еріктілер қозғалысының дамуы жастарды ізгілікке, адамгершілік-рухани құндылықтарға тәрбиелеудің, әлеуметтік тәжірибені қалыптастырудың тиімді құралының бірі ретінде қолданылады.
«Еріктілердің қозғалысы оқушылардың қоғамға шынайы көмек әкелетінін сезінуіне мүмкіндік береді, сол арқылы қоғам қызметінің қажеттілігі туралы ойлары қалыптасады, өз уақыттарын жоспарлауға дағдыландырады, тәртіп, шығармашылық және жауапкершілік түсінігі бекиді», - деді Д. Ордвей.