АҚШ Қазақстанмен «терең және ауқымды қарым-қатынас» орнатты

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа сапары басталды.
None
None

ҚР сыртқы саяси ведомство басшысы сапарының бағдарламасында қарастырылған алғашқы іс-шара Қазақстанда жұмыс жасайтын және біздің елмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі американдық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі болды, деп хабарланды ҚР СІМ сайтынан.
Кездесу барысында американдық бизнесмендерге Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы әңгімелеп берген Е.Ыдырысов ұзақ мерзімді даму жоспарының болуы Қазақстанды сенімді іскер әріптес ретінде танытып, еліміздің бизнес пен инвестициялар үшін тартымдылығын арттырады деп атап өтті. Қазақстандық дипломат «жасыл экономика» даму стратегиясына тоқталып, АҚШ корпорацияларын Қазақстандағы тиісті инфрақұрылым мен технологияларды дамытуға қолдау білдіруге және «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.
Осыдан соң Е.Ыдырысов АҚШ-тың қорғаныс министрі Чак Хейгелмен, Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райспен және оның орынбасары Энтони Блинкенмен кездесті.
Тараптар әскери-техникалық іс-қимыл, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік, Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіруге қолдау көрсету секілді екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады.
Е.Ыдырысов Қазақстан мен АҚШ-тың қорғаныс ведомстволарының 2013-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары аясында жемісті жұмыс атқарғанына тоқталып өтіп, әскери білім беру, әскери-техникалық өзара қолдау және киберқатерлер саласындағы іс-қимылды әрі қарай жалғастырудың маңыздылығына назар аударды. Қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында тараптар қос елдің қорғаныс министрлерінің сапар алмасуы мәселесін қарастыруға уағдаласты.
Ауған мәселесін талқылау барысында ҚР СІМ басшысы Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесінде АҚШ-тың сенімді аймақтық әріптесі болып табылатынын атап өтті. «Қазақстанның қосқан үлесі баршаға мәлім - біз Солтүстік бөлу желісін дамытуға қолдау білдірдік, «Жаңа Жібек жолы» бастамасын қолдадық, Ыстамбұлдық үдерістің министрлік конференциясын табысты өткіздік, Ауғанстанға гуманитарлық және техникалық көмек бердік, Ауғанстанға да, кері бағытта да АҚШ-тың тасымалына логистикалық қолдау білдірудеміз», - деп мәлімдеді ол.
Өз кезегінде Ч.Хейгел Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікке оң бағасын берді және Ауғанстанды қалпына келтіру ісіндегі еңбегі үшін біздің елдің басшылығына ризашылығын білдірді.
«Президент Обама сіздердің елдеріңізді жоғары бағалайды және Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын жақсы түсінеді», - деп атап өтті ол.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Президент кеңесшісінің орынбасары Э. Блинкен ресми Вашингтонның әрі қарайғы екі жақты серіктестікті нығайту жолын ұстанғанын атап айтып, АҚШ-тың Қазақстанмен «терең және ауқымды қарым-қатынас» орнатқанын атап айтты. Ақ үйдің жоғарғы өкілі, сондай-ақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевқа Б. Обаманың жылы құттықтау сөздерін жеткізуді өтінді.
АҚШ-тың сауда өкілі Майкл Фроманмен кездесуде азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстанға жеткізу, сауда және инвестиция бойынша шекті келісімді іске асыру жөніндегі ынтымақтастық, сондай-ақ, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына ену мәселелері талқыланды. Е.Ыдырысов Қазақстан ДСҰ-ның барлық нормаларына сәйкес келуі үшін үлкен жұмыс жүргізгенін және осы ұйымға тезірек қосылуға үміттенетінін атап айтты.
Сонымен қатар, 8 шілдеде Қазақстан СІМ басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Уэнди Шерманмен, Дүниежүзілік банктің вице-президенті Лора Фриджентимен кездесті, сондай-ақ, АҚШ-тың ықпалды Атлантикалық кеңесі ұйымдастырған дөңгелек үстелде «Қазақстанның сыртқы саясатының ағымдағы жағдайы және басымдықтары» тақырыбында сөз сөйледі.
Атлантикалық кеңестің дөңгелек үстелі АҚШ-тың ірі саяси қайраткерлері мен көрнекті сарапшылар қоғамдастығының өкілдерін жинады. ҚР Сыртқы істер министрімен кездесуге Ақ үй мен Конгресс өкілдері, жетекші БАҚ және талдау орталықтарының жетекшілерімен бірге АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшілері Збигнев Бжезинский мен Джеймс Джонс, сонымен қатар Мемлекеттік хатшының экономикалық мәселелер мен энергетика бойынша орынбасары Роберт Хорматс қатысты.
Р. Хорматс екі мемлекеттің негізгі мүдделері сәйкес келетіндігін және Қазақстан жай экономикасы дамыған ғана мемлекет еместігін, сонымен бірге аймақтық держава, орталықазиялық аймақ экономикасының даму локомотиві екендігін атап өтті.
Е. Ыдырысовтың екінші күні Мемлекеттік департамент, Энергетика министрлігі, Америка мемлекеттері ұйымы басшылығымен және АҚШ Конгресінің мүшелерімен кездесуі жоспарланған, сонымен бірге америкалық жетекші БАҚ-қа сұхбат беру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар