АҚШ Қазақстанның МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкісін өз аумағында орналастыру жөніндегі ұсынысын қолдайды
Жоғары деңгейдегі АҚШ ресми тұлғаларымен болған келіссөздер барысында тараптар Қазақстан және АҚШ арасындағы екіжақты байланыстардың нығайып, дамығандығын атап өтті әрі өздерінің стратегиялық әріптестікті одан ары тереңдетуге ниеттіліктерін тағы бір мәрте қуаттады. Министр мен Мемлекеттік хатшы Стратегиялық әріптестік комиссиясының тең төрағалары болатындығы жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Екіжақты және өңірлік мәселелер бойынша кең ауқымды талқылаулар келесі бағыттарды қамтыды:
Ауғанстан және өңірлік интеграция: АҚШ Ауғанстанда және өңірдегі қауіпсіздікті қолдаудағы Қазақстанның көшбасшы рөлін, соның ішінде оның Ауған ұлттық қауіпсіздік күштеріне жәрдемі мен Ыстамбұл үдерісіне қосқан үлесін құптайды. АҚШ 1000 ауған студентіне ҚР оқу орындарында білім беру жөніндегі Қазақстанның 50 млн. доллар сомасындағы шәкіртақылық бағдарламасын жоғары бағалайды. АҚШ экономикалық байланыстарды дамытуға, атап айтқанда, оның Қазақстан-Түрікменстан темір жолы және Ақтау теңіз порты сияқты өңірлік инфрақұрылымға инвестицияларын құптайды. ҚР және АҚШ Ауғанстандағы және өңірдегі тұрақтылық, бейбітшілік және өркендеуді сақтау үшін тығыз жұмысын жалғастырады.
Ядролық қауіпсіздік және таратпау: ҚР және АҚШ жаппай қырып-жою қаруын таратуға жол бермеуге ортақ бейілділігін қайта растайды. Қауіп-қатерді азайту және таратпау жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерлеріміздің іргетасы болып қала береді. АҚШ Қазақстанда өңірлік Ядролық қауіпсіздік жөніндегі тренинг орталығын құру бойынша ҚР-дың күш-жігерін құптайды. АҚШ Қазақстанның МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкісін өз аумағында орналастыру жөніндегі ұсынысын қолдауды жалғастыруда.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық: ҚР және АҚШ лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бірлескен әрекеттерді қоса алғанда, өңірдегі тұрақтылықты сақтау бойынша жалғасып жатқан ынтымақтастықты растайды. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа біздің бейілділігіміз АҚШ-тың «ҚазБриг» бейбітшілік сақтау бөлімшесіне және «Дала қыраны» жыл сайынғы әскери оқуларына көрсеткен қолдауында көрініс табады.
Демократия және даму: ҚР және АҚШ демократиялық дамудың және тәуелсіз БАҚ пен жергілікті өзін-өзі басқару сияқты азаматтық қоғам институттарын нығайту жөніндегі күш-жігерлердің маңыздылығын растайды. Стратегиялық әріптестік комиссиясы аясындағы үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өткен басқару және адам құқықтары мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында тараптар белсенді әрі жан-жақты азаматтық қоғамның маңыздылығын атап өтті. АҚШ «KazAID» халықаралық дамуға көмек көрсету жөніндегі ұлттық агенттігін құру жөніндегі Қазақстанның күш-жігерлерін құптайды.
Сауда, инвестициялар және энергетика: АҚШ ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігіне өз қолдауын қайта растап, аталған ұйымға кіру үрдісін мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау үшін Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастырады. АҚШ Қазақстанмен екіжақты сауда және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Атап айтқанда, ҚР және АҚШ Қазақстанның шикізатты емес секторын әртараптандыру мен оның жаһанды энергетикалық қауіпсіздік саласындағы рөлін ұлғайту мақсатында бірлесіп жұмыс істейді. ҚР және АҚШ жақын уақытта сауда-инвестициялық миссияның Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға келісті. ҚР және АҚШ 2013 жылғы қазанда Энергетикалық әріптестік жөніндегі бірлескен комиссиясының 10-шы мерейтойлық кездесуін асыға күтеді.
Ғылым және технологиялар: ҚР және АҚШ ағымдағы жылдың 24-25 маусымда Астанада іске қосылған Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясы шеңберінде зерттеу институттары мен жекеменшік секторындағы ғалымдар, инженерлер және студенттер арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растайды. АҚШ Қазақстанның «Жасыл көпір» және «ЭКСПО - 2017: Болашақ энергиясы» сияқты климат өзгеруі саласындағы бастамаларын құптайды. Сондай-ақ, АҚШ Қазақстанның өз аумағында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың штаб-пәтерін орналастыруға дайындығын жоғары бағалайды.
Екі елдің азаматтары арасындағы байланыстар: ҚР және АҚШ екі елдің азаматтары арасындағы байланыстарды ұлғайтуға бейілділігін растайды. Осы ретте Қазақстан және АҚШ дипломаттары, ресми тұлғалары, студенттері, журналистері, бизнесмендері және туристері үшін бесжылдық визалар беру туралы өзара уағдаластықтың күшіне енуін асыға күтуде.