АҚШ Транскаспий газ құбырын қолдайтынын мәлімдеді

Бұл туралы бүгін Бакудегі «Мұнай-газ апталығы-2014» конференциясында АҚШ-тың Әзербайжандағы уақытша сенімді өкілі Дерек Хоган мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, келісімге қол жеткізу болашақта аталған газ құбырының құрылысына заңдық негіз қалайды.
«АҚШ бұл жобаны дамытуға тартылған тараптарды қолдайды», - деді Д.Хоган.
Америкалық дипломаттың сөзіне қарағанда, Әзербайжан жаһандық ауқымда газбен қамту үдерісіне қатысуға дайын екендігін көрсетті. «Шах Дениз-2» жобасын жүзеге асыру және «Оңтүстік газ дәлізін» дамыту соған мысал бола алады.
«Бұл жаңа бағыт 2020 жылдың басына Еуропаға жыл сайын газдың 10 миллиард кубометрін жеткізуді қамтамасыз етеді. Аталған көлемнің көп болмауына қарамастан, бұл бағыт газды Әзербайжандағы өзге кен орындарынан да тасымалдауға мүмкіндік береді, Түркіменстаннан да жеткізуге болады», - деді Д.Хоган.
Транскаспий газ құбыры Түркіменстан мен Әзербайжанды байланыстырып, түркімендік газды Еуропаға тасымалдауға жол ашады.