АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы бұрынғы елшісі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы табысты болатынына нық сенімді

Ол бұл пікірін бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы: қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференцияда білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасайтынын энтузиазммен қабылдадым. Мұндай рөлді өзінің мойнына алған Қазақстанның оны табысты атқаратынына күмәнім жоқ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы табысты болатынына нық сенімдімін», деді конференцияда С. Миникес.
Ол қазіргі таңда ЕҚЫҰ-ның тарапына көптеген сындар айтылып жүргенін атап көрсетті. «Ол сындардың көпшілігі әділетті. Сонымен бір мезгілде ЕҚЫҰ-ның рөліне Ұйымға қатысушы мемлекеттер тарапынан зор құрмет бар. Олар бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін бағалайды. Менің ойымша, бұл үдерісте Қазақстанның атқаратын рөлі мен жауапкершілігін барлығы бағалайды», деді С. Минискес.
Сонымен қатар, өз сөзінде мәртебелі мейман Қазақстан қауіпсіздік саясатын қамтамасыз етуде және жүргізуде зор табыстарға жеткенін айтты. «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы бола отырып одан әрі дамуға, көпвекторлы саясатын дамытуға мүмкіндік алады. ЕҚЫҰ-ның стандарттары бар. Қазақстан өзінің бағдарламаларын жүзеге асыру кезінде ол стандарттарды сақтайды деп күтілуде. Мен тілдескен адамдардың барлығы Қазақстан жағдайды шеше алатынын айтуда», деді ол.