Ақша нарығындағы мөлшерлемелер барынша төменгі деңгейде қалыптасатын болады - Ұлттық банк төрағасы

Ол Ұлттық Банктің 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап базалық мөлшерлемені +/- 2 пайыздық болатын ауытқу шегімен 17%-дық деңгейде енгізу туралы шешімі ақша нарығындағы баға белгілеу процесін реттеуге ықпал еткендігін атап өтті. Оның айтуынша, инфляциялық күтудің төмендеуі мен нарықтық мөлшерлемелерді одан әрі төмендету қажеттілігінің нәтижесінде 6 мамырдан бастап базалық мөлшерлемеден пайыздық дәлізді +/- 1 пайыздық тармаққа дейін бірмезгілде тарылтумен базалық мөлшерлеме 15%-ға дейін төмендетілді.
«2016 жылғы 14 наурызда жарияланған мөлшерлеме туралы алдыңғы шешімнен кейін біз инфляция үшін, сол сияқты қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдердің төмендегенін атап өтеміз. Біздің ойымызша, бұл жоғары пайыздық мөлшерлемелердің саясатын жүргізудің орындылығын төмендетеді», - деді Д. Ақышев
«Базалық мөлшерлеменің жаңа - 15% деңгейі және оның пайыздық дәлізінің жаңа шектері ақша нарығындағы мөлшерлемелердің барынша төмен деңгейде қалыптасатынын білдіреді, сондай-ақ нарықтық мөлшерлемелердің құбылмалылығы төмендейді», деп түсіндірді Ұлттық Банк басшысы. Бұл нарыққа қатысушыларға өтімділікті тарту және орналастыру бойынша операциялар құнына қатысты белгісіздік дәрежесін төмендетуге мүмкіндік береді, - деп толықтырды Д. Ақышев.
«Жоғарыда аталғандарды қорытындылай отырып, Ұлттық Банктің сақ пайыздық саясатты ұстануды жалғастыратынын атап өткім келеді. Қалыптасқан макроэкономикалық үрдістердің орнықсыздығы аясында ақша-несие саясаты өлшемдерінің өзгеруі біртіндеп жүзеге асырылуға және теріс салдарларды тудырмауға тиіс, - деді журналистерге қаржылық реттеушінің басшысы. - Қоғаммен белсенді түрде қарым-қатынас жасау жүйесін қалыптастыру бойынша Ұлттық Банктің жаңа ақпараттық саясаты шеңберінде біз халыққа, қаржы секторына өзіміздің қызметіміз туралы жан-жақты хабарлауды және қабылданатын шешімдерді түсіндіруді жалғастырудамыз».