Ақсу қаласында панасыздарға арналған орталық ашылды - Павлодар облысы

230 шаршыметр ауданды алып жатқан жөндеуден өткізілген ғимаратта жатын бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, асхана және демалыс залы жабдықталған. Панасыздар мен түрмеден босаған адамдар осы жерде 3-6 айға тұрақтап, уақытша тіркеле алады. Олар сондай-ақ ем-дом қабылдап, психологиялық көмек те ала алады, әлеуметтік қызметкерлер оларға құжаттарын ресімдеуге көмектеседі.
Бұл панасыздарға арналған орталықты құру идеясына ақсулық «Жәрдем» қоғамдық қоры мен жапондық «Шөп тамыры» қоғамы ұйытқы болып отыр. Ал қалa әкімдігі жөндеу жұмыстарына және жабдықтарға, сондай-ақ осы орталықты ұстауға қомақты қаржы бөлді.
«Орталық 10 адамды қабылдауға есептелген, бірақ қыс мезгілінде баспанаға мұқтаж тағы біраз адамды түнеуге қабылдай аламыз», дейді жаңа әлеуметтік мекеменің директоры Мәдина Қайырова.
Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: «әлеуметтік нысан атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығының негізінде ашылып отыр. Бұл жердегілер адамдарға проблемаларын шешуге, жұмысқа тұруларына көмектесетін болады», деп атап көрсетті.