11:22, 04 Мамыр 2013 | GMT +5
Ақсу тұрғыны ағасының әйелімен ұрысып қалып, оны буындырып өлтірді
ПАВЛОДАР. 4 мамыр. ҚазАқпарат – Павлодар облысы Ақсу қаласының полиция бөлімшесіне Евгеньевка ауылының 19 жастағы тұрғыны хабарласып, 30 сәуір күні кешқұрым өзінің үйінен 17 жастағы Марина есімді әйелі жоғалып кеткендігін айтқан.

Бұл туралы ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Тергеу-шұғыл тобы анықтағандай, арыз беруші ауылда өзінің кәмелетке толмаған азаматтық некедегі әйелімен және жаңа туған сәбиімен тұрып жатқан. Олармен екі аптаға жуық уақыт оның 1994 жылғы туған ағасы бірге тұрған.
Ол Ақсу қаласында ұсталғаннан кейін, алкогольді ішімдік әсерінде жас келіншекпен келіспей қалғандығын, кейіннен оны жертөлеге алып барып, буындырып өлтіргенін айтып берді.
Күдікті полицейлерге үйдің ауласында орналасқан жертөлені көрсетті. Онда зорлық-зомбылықпен өлтірілген әйелдің денесі табылды.
Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына жеткізілді.