Ақтау қаласында облыс әкімінің төрағалығымен Дағдарысқа қарсы кеңестің бесінші отырысы өтті

АҚТАУ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтау қаласында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы кеңестің бесінші отырысы өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған кеңес құрамына жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен өнеркәсіп кәсіпорындары басшылары кіреді.

Бұл жолы олар өңір экономикасы индустриялдық секторының дағдарыстан кейінгі даму мәселесін талқылады.

Өткен жылы облыс әкімдігі өнеркәсіп өндірісі көлемін төмендетіп алмау мақсатында бірқатар ойластырылған шаралар қабылдаған болатын.

Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс әсеріне қарамастан, өңірдің даму қарқынын 2008 жылдың деңгейінде сақтап қалуға қол жеткізілді.

Кейбір компанияларда тапсырыстар көлемінің жеткіліксіз болуы, кредиторлық, соның ішінде еңбекақы бойынша қарыздар мәселелеріне байланысты қиыншылықтар туындағаны да жасырын емес. Алайда, бұл мәселелер кәсіпкерлер мен биліктің бірлескен іс-қимылдары арқылы уақытылы шешіліп отырды. Сондай-ақ, облыстың жекелеген кәсіпорындарында жұмыс орындарын қысқарту мәселелері де оң шешілді.

Ағымдағы жылы өңірдің өнеркәсіп секторындағы ахуал айтарлықтай жақсара түсті. Айталық, өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2 есе өсті.

«Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіп секторында біршама ілгерілеушілік байқалады. Жыл қорытындылары бойынша өндіріс көлемін төмендетіп алмау мақсатында уақытылы шаралар қабылдау үшін ағымдағы жағдайды жедел бағалап отыруымыз керек», деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, облыс басшысы өнеркәсіп өндірісі көлемін арттыру бойынша тиісті тапсырмалар беріп, қиыншылықтарға ұшыраған өнеркәсіп кәсіпорындарындағы мәселелерді шешу турасында кеңестер айтты. Облыстың инвестициялық жобаларында жергілікті және қазақстандық үлесті барынша арттыру жұмыстары жалғастырылады.

Соңғы жаңалықтар