Ақтауда «Каспий бассейні аумағының экологиялық жағдайын басқару проблемалары» атты I -ші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конференция жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ж.Сәрсенқұлов, алыс және жақын шет елдерден келген ғалымдар, Әзірбайжан Республикасы, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстанның жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Конференцияда 130-дан астам ғылыми мақалалар мен баяндамалар тыңдалып, қаралды.
Конференцияға қатысушылар ғылыми зерттеулерді негізге ала отырып, Каспий теңізіне техногендік қауіп-қатердің артуына байланысты Каспий маңы мемлекеттері мен қоғамдастықтың бірлесе шешуі тиіс мәселелеріне мән берді.
Атап айтқанда, теңіздің биоресурстарын сақтау және дамыту, бассейн аумағындағы экологияға кері әсері бар факторларды басқарудың тиімді жүйесін енгізу, ұлттық заңнамалар аясында кен игерушілерге қоршаған ортаны қорғау мәселесінде талапты күшейту, теңізге мұнай төгілудің алдын алуға арналған шараларды өткізу және тиісінше қаржыландыру, сондай-ақ өңірдің өзге де экологиялық мәселелерін шешу жолдары талқыланып, бірқатар құнды ұсыныстардан тұратын қарар қабылданды.