Ақтауда «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» серіктестігінің энергетика саласының мамандары кәсіби төл мерекелерін атап өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықты жылу, жарық, тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қызметкерлері өз мамандықтарын мақтаныш тұтады.
Сан мың тұрғынның өміріне ауадай қажет қызмет түрін ұсынатын алып кәсіпорын жұмысы асқан ұқыптылық пен тәртіпті және тиянақтылықты қажет етеді.
«Энергетика дегеніміз бұл жай ғана физикалық процесс емес, бұл өте маңызды әлеуметтік тапсырма дер едім. Өйткені, біз барлық өңірге өмір сыйлап отырмыз деп мақтана аламыз. Біздің қызметіміз еш жерде жоқ, қайталанбас еңбек түрі. Мен бүгін барлық әріптестерімді осындай ерекше мерекелерімен құттықтаймын», деді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС директорының бірінші орынбасары Сергей Пустобаев.
Мерекелік жиында өз қызметіне адал, еңбегі сіңген қызметкерлерге облыс, қала әкімі, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының және ТМД аумағындағы әріптес мекемелер басшыларының жолдаған құттықтау сөздері оқылды.
Бірқатар энергетиктер өндірісті дамытуға қосқан үлесі үшін естелік төс белгі, құрмет қағазы, алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.
Солардың бірі Амангелді Орынбасаров 1991 жылдан бері осы кәсіпорында газ-электр дәнекерлеуші болып қызмет атқарады.
Салтанатты шара облысымызға гастрольдік сапармен келген ресейлік өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты.