Ақтауда заңсыз жасырын жұмыс істеген ойынхана анықталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтау қаласындаҚазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарының орындалысына тексеру жүргізілді. Оған Маңғыстау облысының Ақтау қаласы прокуратурасы, қалалық ішкі істер басқармасы және облыстық салық комитеті қызметкерлерінен құралған арнайы топ жұмылдырылды.
Тексеру барысында Ақтау қаласының 14 шағын ауданының №58-ші үйінің бірінші қабатында орналасқан жеке кәсіпкер Ш.-ның ойын автоматтары залында ойыншыларға заңға қайшы келетін ақшалай ұтыс беретіндігі анықталды. Сондай-ақ аталған ойынханадан 23 ойын автоматы, 1 американдық рулетка ойын аппараты және 576 мың 900 теңге мен 900 АҚШ доллары тәркіленіп алынды.
Қала прокуратурасы аталған жеке кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабының 1 бөлігімен заңсыз кәсіпкерлігі үшін қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.