Ақтауға конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша ақпараттық насихат тобы келді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері болып табылатын ақпараттық насихаттық топ облыстағы имамдар, шырақшылар және ардагерлер, оқу орындарының шәкірттерімен кездесті. Жұмыс сапарларын Шахмардан Есенов атындағы университетте студенттермен, оқытушылармен жүздесуден бастаған арнайы топ олардың сұрақтарына жауап берді.
Жиында «Ислам - ынтымақ діні», «Иманым - жиғаным» тақырыптарында баяндамалар оқылып, ата дініміздің қадір-қасиеті дәріптелді. Ақпараттық-насихат топтары осы бағытта өңір-өңірлерді аралап, жастарға дәстүрлі дініміз туралы насихат уағыздарын жеткізіп, діни сауаттылық туралы арнайы семинарлар өткізуде.
Бүгінде Қазақстанда 16 миллион халық болса, соның 12 миллионы - мұсылмандар. Қазақстан 1995 жылдан бері беделді ислам ұйымының мүшесі.57 мемлекеттің басын қосқан бұл қоғам - Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ірі халықаралық ұйым.Алдағы 2011 жылы Қазақстан оған көшбасшы болмақ. Осы және өзге де ислам әлеміндегі оң өзгерістер жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері жастарға кеңінен әңгімелеп берді.
Өңірге сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері облыстық «Бекет ата» мешітінде имам, шырақшылардың діни сауатын ашу сабағын өткізді. Одан соң Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті.