13:19, 05 Наурыз 2012 | GMT +5
Ақтөбе агенттіктерінің бірінің күзетшісі «Қазпошта» бөлімшесін тонап кетті
АҚТӨБЕ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Ақтөбенің полиция қызметкерлері «Қазпошта» бөлімшелерінің біріне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен агенттік күзетшісі болып істейтін ер адамды ұстады,

деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Наурыздың 2-сі күні бетперде киіп алған белгісіз біреу 11 шағынауданда орналасқан «Қазпошта» бөлімшесіне шабуыл жасады. Бір ұңғылы шолақ мылтықпен қорқытқан ол ақша талап етіп, үстелдердің бірінде жатқан 10 мың теңгені алып, оқиға орнынан ізін суытты.
Өткізілген жедел-іздестіру шараларының қорытындысы нәтижесінде күдікті азамат анықталып, ұсталды. Бұл агенттіктердің бірінде күзетші болып істейтін 41 жастағы ақтөбелік азамат болып шықты, жәбірленген азаматтар оны таныды. Сонымен бірге оның 27 жастағы сыбайласы да қолға түсті. Одан 12-ші калибрлі ИЖ-17 бір ұңғылы аңшы шолақ мылтығы алынды.