Ақтөбе әкімдігінде бірнеше басшы тағайындалды
Бұған дейін облыстың спорт саласына жауапты болған Мейрамбек Махамбетов енді жастар саясаты мәселелері басқармасына басшылық етеді. 30 жастағы басшы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, «Көкше» академиясын бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт Комитетінде референт, сарапшы лауазымынан бастаған.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып Күнбол Тұрымов тағайындалды. Жоғары білімді, Алматы экономика және статистика академиясын, Қазақстанның халықаралық білім беру корпорациясы бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған. Ақтөбе облыстық күрделі құрылыс басқармасы, техникалық бөлімнің жетекші маманының міндетін атқарушы, Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық хатшылығының меңгерушісі лауазымына Маржан Қорғанбаева тағайындалды. Ол Шымкент педагогикалық институты және Ақтөбе педагогикалық институтының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе облысы ғылыми-әдістемелік орталығының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған.

Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымдарында қызмет атқарды.
Ал, облыс әкімі аппараты басшысының бұйрығымен Ақтөбе облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына Нұрхан Ағниязов тағайындалды. Жаңа лауазым иесі Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Ақтөбе облыстық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары, Алға ауданы әкімінің орынбасары, облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы, «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жаңа қызметке тағайындалған азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қызметтерін абыроймен атқарады деп сенім білдірді.