Ақтөбе қаласында шыны зауытының құрылысы бойынша жобаның стратегиялық инвесторы швейцарлық компания болды
Бұл туралы Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жоба бойынша тындырылған шаруаларды жіпке тізді, атап айтқанда, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Кварц құмын өндіретін Мұғаджар кен орнында жер қойнауын пайдалануға құқық берілді, оның қоры зауытты 300 жылға дейін шикізатпен қамтамасыз етпек. Ақтөбе қаласының жоспарланған Индустриалық аймағынан 30 гектар жер учаскесі бөлінді және сыртқы инфрақұрылым нысандарын салу бойынша шаралар қолға алынуда.
Стратегиялық инвестор да анықталды. Міндетті швейцарлық GLAS TRÖSCH кәсіпорны мойнына алып отыр.
Кеңесте ҚР Үкіметінің басшысы жобаның Ақтөбе қаласында жүзеге асуын қолдап, оны іске асыруға қолғабыс ететін үкіметтік жұмыс тобын құру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Шыны зауытының құны 172 млн. еуроға бағаланып отыр. Оның жобалық қуаттылығы жылына 19 млн. шаршы метрге немесе тәулігіне 600 тонна өнімге жетеді деп күтілуде. Тың жоба іске қосылысымен, 300 жұмыс орны құрылады. Шыны өндірісінде экспортталатын жоғары сапалы энерготиімді шыныны шығару үшін жаңа еуропалық құрал-жабдықтар және магнетронды бұрқату бойынша озық технологиялар қолданылатын болады.