Ақтөбе мен Сумгаит технопарктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бұл туралы кеше Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Әзірбайжан Республикасының ірі кәсіпорындарының басшылары - «Әзірэнерджи» компаниясының директоры Этибар Пирвердиевпен және Әзірихимия» жетекшісі Мұхтар Бабаевпен кездесу кезінде айтты.
«Қазақстан үшін қазіргі кезеңде экономиканың шикізаттық бағытынан арылып, индустриялық-инновациялық дамуға бет бұру негізгі экономикалық міндет болып отыр. Бұл орайда Ақтөбе облысының кәсіпорындары екі ел президенттері алға қойған міндеттерді орындауда өзара тәжірибе алмаса алады», - деді А.Мұхамбетов.
Өз кезегінде әзірбайжандық кәсіпорындардың басшылары қазақстандық тарапқа мұнай-химия және көмірсутектерді өңдеу саласындағы жетістіктері жөнінде хабарлар етті. Әзірбайжан Республикасының өкілдері екіжақты қатынастарды дамытуға мүдделілік танытты және нақты жобаларды пысықтауға әзірлігін білдірді, сондай-ақ олар Ақтөбе облысына аймақ кәсіпорындарымен танысу сапарымен келмек.
Ақтөбе облысы делегациясының сапары барысында «Ақтөбе» технопаркі директорының орнбасары Тілеулес Алдияров пен Сумгаит технопаркі басшысының орынбасары Сахиб Мусаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар инновациялар мен жаңа технологиялар салаларында өзара тәжірибе алмасуға мүдделілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Ақтөбе облысы делегациясының Әзірбайжанға танысу сапары Қазақстанның Әзірбайжандағы елшілігінің тікелей жәрдемдесуімен ұйымдастырылды.