Ақтөбе облысы: Ә.Исекешевтің қатысуымен жаңа рельс зауытының өндірістік ғимараттарының құрылысы басталды
Индустрияландыру аптасының шеңберінде өткізілген кеңеске аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, мемлекеттік органдардың өкілдері, жобаның бастамашылары, мердігерлік ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Ақтөбе қаласында ауқымды жоба қолға алынғаны белгілі. Шаһардың индустриялық аймағында жылдық қуаттылығы 430 мың тонна сортты прокатты, оның ішінде 200 мың тонна теміржол рельстерін шығаруға бағытталған рельс зауыты бой көтеруде. Жобаның құны 55,3 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс барысында 500-ге жуық жұмыс орны ұсынылса, нысан қолданысқа тапсырылған соң 395 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар газ-турбиналы электр стансысының қуатын 100 мВТ-қа кеңейту арқылы электрмен болат балқыту цехының құрылысы жүргізілуде. Инвестицияның жалпы көлемі 105 млрд. теңгені құрайды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев рельс зауытының құрылысы кестеге сай болуын қатаң қадағалауға алып, оның дер кезінде - 2014 жылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Көшпелі кеңес барысында рельс зауыты өндірістік корпусының №1 блогының металды конструкциялары салтанатты жағдайда қаланды. Осылайша, жоба іргетасты қалау мен бағаналарды орнату бойынша алғашқы кезеңнен құрылыстың екінші сатысына көшті.