Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды
Құжатқа облыс әкімі Елеусін Сағындықов және негізгі инвесторы «Лукойл» компаниясы болып табылатын «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының бас директоры Андрей Кириллов қол қойды.
Меморандум ұзақмерзімдік және өзара тиімді ынтымақтастыққа, аймақты әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-тұрмыстық дамытуға бағытталып отыр. Әкімдік белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін, өз мойнына инвестициялық бағдарламаларды жасауға және облыс аумағында инвестициялық және инновациялық бағдарламаларды табысты жүзеге асыруға қолдау көрсету үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттеме алып отыр.
Ал компания басшылығы өз кезегінде, жаңа жұмыстарын құруға, жергілікті кадрларды оқытуға назар аударады, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысатын болады.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігінің әлеуметтік бағыттағы жобаларының жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Атап айтқанда, компания ағымдағы жылы жалпы құны 52 миллион теңгенің жобаларын, атап айтқанда селолық жердегі стадион мен екі тұрғын үйдің құрылысын қаржыландырмақ. Тағы 48 миллион теңгені компания басшылығы Ақтөбе облысындағы «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруға бөліп отыр.