Ақтөбе облысында сауда фирмасының экспедиторы тоналды
Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 26-сында түнгі сағат 4 кезінде Шалқар АІІБ кезекші бөліміне Ақтөбенің фирмаларының бірінің 31 жастағы экспедиторы арызданып келіп, оған жасалған қарақшылық шабуыл туралы хабарлады.
Оның айтуынша, Шалқар-Ақтөбе тас жолының 12-інші шақырымында белгісіз біреулер «Мерседес» жүк көлігін қуып жетіп, тоқтату арқылы қоқан-лоққы көрсетіп, 892 мың теңгені ұрлап кетіп, күміс түстес ВАЗ-21014 автокөлігіне мініп, іздерін суытты.
Осы факті бойынша жедел шараларды жүзеге асырған Шалқар АІІБ қызметкерлері «ізін суытпай» 21-22 жастағы Ақтөбе облысының үш тұрғынын қолға түсірді, олардан полицейлер ақшаның бір бөлігі мен 16 калибрлі шолақ мылтықты тауып, тәркіледі.
Алдын ала тергеу барысында анықталғаны, зардап шеккен азамат сол Шалқар қаласының дүкендеріне тауар жеткізіп, одан түскен ақшаны жинап жүрген. Осындай дүкендердің бірінде ақша алу кезінде дүкен иесінің баласы экспедитордың қолындағы қомақты ақшаны көреді. Содан кейін ол өзінің екі жолдасымен зардап шеккен азаматтың көлігін аңдып, тас жолда қарақшылық шабуыл жасаған екен.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 179 бабымен («Қарақшылық») қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.