Ақтөбе облысында жыл басынан отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты 4 мыңнан астам шағым қаралды
Полицейлер қорғау туралы 1044 нұсқаманы шығарды. 199 отбасылық жанжалқойдың тәртібіне сот ерекше талаптар қойды. 108 адам профилактикалық есепке тұрғызылды. Бұдан басқа, 196 араққұмар азамат күштеп емделуге жіберілді.
Мысалы, Ақтөбенің мамандандырылған әкімшілік сотында 39 жастағы жұмыссыз ақтөбеліктің ісі қаралды. Ол Рысқұлов көшесіндегі пәтерінде өзінің әпкесіне жанжал шығарып, оны талай рет балағаттаған. Ер адамның бұған дейін де аталған баппен әкімшілік жазаға тартылғаны есепке алынып, ол 15 тәулікке қамауға алу жазасына кесілді.
25 қарашада Ақтөбе облысында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталады, ол 16 күнге жалғасады.
Психологиялық және заңгерлік тегін кеңестерді Ақтөбе қаласының Дағдарыстық орталығы қоғамдық бірлестігінен жұмыс күндері, сағат 9-дан 15-ке дейін 56-70-44 нөмірі бойынша алуға болады.