13:13, 01 Наурыз 2012 | GMT +5
Ақтөбе облысының 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды
АҚТӨБЕ. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық мәслихаттың кеңейтілген мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша есеп беріп, 2012 жылға міндеттерді айқындады.

«Өткен жылы өнеркәсіп саласында 1,239 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Аймақтық жалпы өнім 1,3 триллон теңгеге жетіп, жан басына шаққанда 11,4 мың долларды құрады. Ауылшаруашылық өнімнің көлемі 111,2 млрд. теңгені құрады»,- деді әкім.
Өңір экономикасының өсімі әлеуметтік салаға оң әсерін тигізді - өткен жылда халықтың нақты табысы 9,2 пайызға, нақты жалақы 7,4 пайызға өсті.
Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға төмен.
Әкімнің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы өңір экономикасын дамытудың басты бағыты жүйелі экономикалық және әлеуметтік жаңғырту, салалар мен өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және халықтың жағдайын жақсарту болады.