Ақтөбе облысының әкімі Астана, Мәскеу және Киевтегі мерекелік шараларға қатысатын ардагерлермен кездесті
Өз сөзінде облыс әкімі ақтөбеліктердің Жеңіске қосқан баға жетпес үлесін атап көрсетіп, бүгінде ардагерлерді әлеуметтік қолдау үшін аймақтық деңгейде қолдан-келгеннің бәрі атқарылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, ақтөбелік ардагерлер мен оларға теңестірілгендер, соғысқа қатысушылардың жесірлері коммуналдық төлемдерден босатылған, қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие, т.б.
Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, айтылған жеңілдіктерге қоса, жыл сайын мереке қарсаңында ардагерлерге, бірнеше жыл болды, жергілікті бюджеттен бірреткі материалдық көмек көрсетіліп келеді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерге - 15 мың теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға - 10 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне - 5 мың теңгеден беріледі.
Облыс әкімі сондай-ақ, Елбасының Жарлығына сәйкес «мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына байланысты» кездесуге қатысқан ардагерлер: Тоқмырза Құнбаевқа - «Құрмет» орденін, Владимир Фитюнинге - ҚР Құрмет грамотасын салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл екі ардагер Мәскеу қаласында өтетін салтанатты шараларға Ақтөбе облысының атынан қатысады. Тағы 10 ардагер Астанаға барады, ал ардагер Өтеш Жолмағамбетов Киевте өтетін салтанатты шараларға қатысады.