Ақтөбе облысының Спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мейрамбек Махамбетов 1989 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол 2011 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіріп, сол жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінде референт болып еңбек жолын бастады. Кейін Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті құқықтық қамтамасыз ету және әкімшілік басқармасының сарапшысы қызметін атқарған.
2012-2014 жылдар аралығында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Дене шынықтыру департаменті бұқаралық спортты дамыту басқармасының сарапшысы, 2014 - 2015 жылдары аралығында аталған басқарманың бас сарапшысы болды. Ал 2015 - 2016 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Әкімшілік және кадр жұмысы басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Ал 2016 жылдың 1 маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қысқы спорт түрлері басқармасының басшысы қызметінде болды.