Ақтөбе және Орынбор кәсіпкерлері ынтымақтастықты одан ары дамытпақ
Келісім қазақстандық-ресейлік «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» атты XIV халықаралық көрмесінің аясында жасалды. Оның мақсаты - аймақтар арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды кеңейту, кәсіпкерлер, ұйымдар мен фирмаларға іскерлік байланыстарды дамытуда қолдау көрсету, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту.
«Біз кәсіпорындар, ұйымдар мен фирмаларға туристік байланыстарды қоса алғанда, сыртқыэкономикалық қызметтің барлық формаларын дамыту және тереңдету мәселелерінде одан да тиімді көмек көрсету үшін ынтымақтастығымызды дамытуға ниеттіміз. Іскерлік орталарының екі тараптың экономикасы және экспорттық әлеуетімен танысу мақсатында кәсіпкерлердің іскерлік байланыстарын тегін ұйымдастыру, көрмелер, жәрмеңкелер, семинарлар, конференциялар және өзге де шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қажеттілік туындаған жағдайда мамандарды оқыту және олардың тағылымдамадан өтуі ұйымдастырылады», - деді Н.Мұқанов.
Бұдан басқа, тараптардың бір-біріне сауда ынтымақтастығы бойынша коммерциялық ұсыныстар жасап, бірлесіп ынтымақтасуға қызығушылық танытып отырған әлеуетті серіктестердің тізімдерін, экспорт және импорттың тізімдемесін беретіні, сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнамалық актілер, жүктердің кедендік ресімделуі, экспорттық-импорттық баждар мен лицензиялау көлемдері туралы ақпарат ұсынатыны шамаланып отыр.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде қазақстандық-ресейлік «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» XIV халықаралық көрмесі өтті. Көрмеге Қазақстан мен Ресей экономикасының түрлі салаларында жұмыс істеп жүрген 180-нен астам кәсіпорын қатысты. Көрме бағдарламасында семинарлар, дөңгелек үстелдер және таныстырылымдар ұйымдастырылған.
Алғашқы күні Ақтөбе қаласы индустриялық аймағының және «Спецтехника» компаниясының тұсаукесері өтті, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей сауда желілері өкілдерінің іскерлік кездесуі болды.