Ақтөбеде базар бағаларын қоғамдық топтар қадағалайтын болады
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұханов, аймақта азық-түлік бағаларының өсу қарқыны бәсеңдегенін атап көрсетті. Азық-түліктің 63 түріне мониторинг жүргізген «Қазагромаркетинг» агенттігінің дерегі бойынша, облыстағы баға республикалық орташа бағадан төмен.
Марат Балмұхановтың айтуынша, облыс және аудан орталықтарында өткізілген ауыл шруашылығы жәрмеңкелері, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының картоп және көкөніс өнімдерін арзандатылған бағамен жедел жеткізуі бағаның тұрақталуына негіз болып отыр. ӘКК қоймаларында қазір 290 тонна картоп бар, қажет болған жағдайда корпорация олардың бәрін тауарлық интервенция ретінде сатуға шығара алады.
Облыс әкімі Елеусін Сағындықов өз сөзінде, тұтынушы нарықтағы бағаны ырықтандыру жөніндегі облыстық штабтың жұмысында жүйеліліктің жоқ екенін атап көрсетті.
«Сіздер маған басқаша мәліметтер бересіздер, ал қарапайым адамдар маған күнде көріп жүргендерін айтады. «Нұр Отан» мүшелерінен, ардагерлер мен жастардың, монополияға қарсы комитет өкілдерінің қатарынан қала базарлары мен супермаркеттерінде тұрақты мониторинг жүргізетін бірнеше топ ұйымдастыру керек деп санаймын. Сонда ғана, мәліметтер объективті болады және ол мәліметтер бағаның өсуіне жедел үн қатуға мүмкіндік береді», деп ұсыныс жасады әкім.