16:41, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Ақтөбеде дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті
АҚТӨБЕ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуын бақылау және халықты жұмыспен қамту стратегиясын қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның бірінші отырысына облыс әкімі Елеусін Сағындықов төрағалық етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия өндіріс секторындағы төрт айдың, өнім өндірудің жарты жылдық көлеміне болжамының, облыс кәсіпорындарының жалақы бойынша берешегі жайының, көктемгі дала жұмыстары барысының қорытындыларын қарады. «Қазхром» ТҰК» АҚ, «АЗХС» АҚ, «Көктас-Ақтөбе» АҚ, «Түркуаз Эдибл Ойл» ЖШС басшыларының қабылдап жатқан шаралары туралы хабарламалары тыңдалды. Биылғы көрсеткіштер өткен жылғыдан төмен болғанына қарамастан, қаңтар-ақпан айларында облыстың өндірістік секторында: тау-кен, қайта өңдеу салаларында ілгерілеушілік байқалды. Атқарушы билік ірі кәсіпорындардың жалақыны уақытында беруін үнемі бақылауда ұстап отыр. Төрт айға жүргізілген тексеру барысында бірқатар кәсіпорындарда жалақыны уақытында төлеу және басқа да төлемдерді кешіктіруде заң бұзушылықтар анықталды. Жекелеген кәсіпорындар өз берешектерінен толық құтылды, әкім қалғандарына маусым айында толық есептесуді міндеттеді.Елеусін Сағындықовтың айтуынша, «шешілмейтін мәселе жоқ», жарты жылдықты табысты аяқтауға мүмкіндік жеткілікті.